Алматы қаласының тұрғыны Мұхтар Төремұратов есімді азаматтың өртеніп кеткен үйі толықтай күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл игі іске "Зекет және қайырымдылық" қорының Алматы қаласы бойынша өкілдігі мен қала имамдары ұйытқы болды.
Жалпы жөндеу жұмыстарына қажетті 22 миллион теңге қаражат халықтың көмегімен жиналды. Қайырымдылық шарасы аясында үйдің шатыры, қабырғалары мен ішкі әрлеу жұмыстары толық жаңартылып, отбасы мүшелері қайта өз шаңырағына оралды.
Алматы қаласының зекет өкілі Бауыржан Көптілеуов бұл игі істің халықтың бірлігін, жомарттығын көрсететін жарқын мысал екенін атап өтті.
— Мұқтажға қол ұшын беру – дініміздің де, дәстүріміздің де негізгі қағидаларының бірі. Жамағаттың ауызбіршілігі мен қолдауымен осындай игілікті істер жалғасын таба береді деп сенеміз, — деді ол.
Мұхтар Төремұратов пен отбасы мүшелері көмек көрсеткен барша жандарға шексіз алғысын білдіріп, қуаныштарын жасыра алмады.