Печать
Просмотров: 94

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры Астана қаласына жақын орналасқан Пригород елдімекенінде әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж отбасылардың балаларына арналған жаңа оқу орталығын ашты.

Салтанатты ашылу рәсіміне қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысып, балалар мен ата-аналарды құттықтады. Ол бұл жобаның ауыл балаларының жан-жақты дамуына, білім мен өнерге деген қызығушылығын арттыруға сеп болатынын атап өтті.

– Бұл орталық – тек білім беру орны ғана емес, балалардың тәрбиесіне, тұлғалық қалыптасуына ықпал ететін рухани ортаға айналады деп сенеміз. Осындай игі бастамаларды алдағы уақытта да жалғастыратын боламыз, – деді ол.

Жаңа орталықта балалар үшін ағылшын тілі курсы, домбыра үйірмесі, спорт алаңы, тігін ісі, DTF және шелкография, жиһаз жасау, дәнекерлеу, этно-дизайн курстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды насихаттайтын арнайы бөлме мен кеңес беру қызметі де жұмыс істейді.

Барлық үйірмелер мен сабақтар тегін өткізіледі. Қайырымды азаматтардың қолдауымен орталыққа қажетті жабдықтар мен кілемдер жеткізілген.

Ауыл тұрғындары мен ата-аналар бұл қуанышты жаңалықты ерекше ықыласпен қабылдап, ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ, ашылу күні балаларға үстел теннисі жабдықтары, волейбол, баскетбол доптары сыйға тартылса, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға құрбандық еттері мен азық-түлік себеттері таратылды.

Жаңа орталық ауыл балалары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, олардың болашағына сенімді қадам жасауға үлкен сеп болмақ.