Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен 14 жыл бойы ДЦП диагнозы бар, ерекше күтімді қажет ететін балаларға өзі таңдаған мамандығымен қызмет етіп келе жатқан ЛФК жаттықтырушысы Мұхтар-Әли бауырымызына кіші қажылық (умра) сапарына жолдама табысталды.
Қасиетті сапар сертификатын ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы арнайы табыстап, қызметіне адалдықпен әрі жанашырлықпен еңбек етіп жүрген азаматқа сәттілік пен сауапты жол тіледі.
Сондай-ақ, 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күніне орай пара жеңіл атлетика бойынша ҚР чемпионаты мен пара спартакиада жүлдегері Дархан бауырымызға 250 000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл игі бастама – ҚМДБ-ның әлеуметтік аз қамтылған және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдауға бағытталған тұрақты жұмысының бір бөлігі.
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры алдағы уақытта да мұқтаж жандарды қолдау бағытындағы жұмыстарын жалғастырып, ерекше жандарға жан-жақты көмек көрсетуге ниетті.

