Печать
Просмотров: 13

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында қайырымдылық шарасы өтті.

Аталған жоба шеңберінде дін жанашырлары мен кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және жалғыз басты отбасыларға, сондай-ақ жетім балаларға жалпы 8 баспана берілді. Оның ішінде 3 пәтер қызметтік баспана ретінде ұсынылды.

Баспана сертификаттарын Қадір түніне жиналған жамағат алдында Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев салтанатты түрде табыстады.

Бас мүфтидің бастамасымен жүзеге асырылған игі шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау, қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру және ел азаматтарын ортақ игі іске жұмылдыру. Сонымен қатар бұл бастама арқылы Ислам дініндегі бауырмалдық, мейірімділік сияқты асыл құндылықтарды насихаттау көзделген.

Өз кезегінде жаңа баспанаға ие болған азаматтар жоба ұйымдастырушылары мен қайырымдылыққа үлес қосқан барлық демеушілерге алғыстарын білдірді.