«Әр қылған жақсылықтың бір қайты бар, Отыз күн оразаның бір айты бар», – дегендей қасиетті Рамазан айы да өз мәресіне жетіп, Ораза айтқа аман-есен жеткен барша мұсылман қауымы айрықша қуанышқа бөленері сөзсіз. Осы орайда таң азаннан мешіттерге ағылған жамағат бір қатарда сап түзеп, Аллаға жалбарынып Айт намазын оқыды.
Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы мешітке жиылған жамағатты Айт мерекесімен құттықтап, барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын күннің мән-мағынасы туралы насихат айтты. Көпшілік болып, елдің амандығы, халықтың берекесі үшін дұға тіленді.
Сондай-ақ, исі мұсылман бір-бірін Айтпен құттықтап, қуанышқа бөленіп жатқан сәтте Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт жанында Абай облыстық Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен 100 отбасыға Айттық сыйы ретінде азық-түлік қораптары үлестірілді.
Сонымен қатар, қасиетті күннің берекесімен «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында бір көп балалы отбасыға және бір дін қызметкеріне баспана кілті табысталды.
Айт мерекесі Жұма күнімен, әрі, Әз-Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келгендіктен, Жұма намазынан кейін Абай облысы өкілдігі мен Абай облыстық Дін істері басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен қос мереке аталып өтті. Мешіт жанынан 10 қанат киіз үй тігіліп, Жұмаға келген халыққа ұлттық тағамымыз Наурыз көже мен ыстық бауырсақтан дәм таттырылды.
Сонымен қатар, жамағат арасында қол күрес, гір көтеру және арқан тарту сынды спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, өз мықтылығын дәлелдеген жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен марапат қағаздары табысталды.
Берекелі күнгі игі шаралар мұнымен тоқтамай, жалғасы Абай облысы бойынша мешіт қызметкерлеріне арналған рухани кешке ұласты. Бұл кешке дін қызметкерлері отбасыларымен бірге қатысып, мерекелік көңіл күйді бірге сезінді. Рухани кеш барысында дәстүрлі әндер шырқалып, қазақтың қара домбырасынан күмбірлеген күйлер төгілді. Сонымен қатар, қызықты ойындар, викториналық сұрақ-жауаптар өткізіліп, түрлі сыйлықтар берілді.
Жиын соңында Абай облысының бас имамы барша мешіт қызметкерлері, имамдар мен ұстаздарға, мешіттердің шаруашылық қызметкерлеріне жүрекжарды тілегін айтып, алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастырумен барлық қалалық және аудандық мешіт қызметкерлеріне 10 миллион теңгеге жуық қаржылай сыйлықтар табыстады.
Осылайша береке мен мерекеге толы Айт күні де соңына жетіп, көпшілікке ерекше қуаныш сыйлады.











