ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры жүзеге асырып келе жатқан «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы аясында 908-ші, 909-шы баспана өз иесін тапты.
Маңғыстау облыстық орталық «Бекет ата» мешітінде 10 жылдан бері адал қызмет етіп келе жатқан іс қағаз жүргізушісі Камила Базарбайқызына бұйырды. Жылдар бойғы тынымсыз еңбегі мен мешіт ісіне сіңірген үлесі еленіп, оған жаңа баспананың кілті табысталды.
Екінші жаңа баспана кілті көпбалалы, кішкентайларын қатарынан кем қылмай өсіріп, тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға бұйырды. Айта кетейік, аталған игі іске жергілікті кәсіпкерлер демеушілік танытып, қайырымдылыққа өз үлестерін қосты. ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық»қорының өңірдегі жауапты маманы Байкенже Серікбайұлы баспанаға мұқтаж отбасыға пәтер кілтін табыстап,отбасыны қуанышымен құттықтады.
Салтанатты сәтте Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы арнайы қатысып, пәтер кілтін иесіне табыстай отырып, Камила Базарбайқызының еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, оның адалдығы мен табандылығын атап өтіп, жаңа шаңырағына құт-береке, бақ-дәулет тіледі.
Игі бастамаға айналған бұл жоба — ел ішіндегі жанашырлық пен бірліктің айқын көрінісі. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы талай отбасының баспаналы болуына себепкер болып, қоғамда мейірім мен қайырымдылық құндылықтарын кеңінен насихаттап келеді.


