Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мысыр Араб Республикасындағы өкілдігіне қарасты “Талаба қауымдастығы” бастамасымен Зекет қоры қолдауымен қасиетті айт мерекесіне орай Мысыр еліндегі қазақстандық студенттерге арналған ақ дастархан жайылды.
Қасиетті Әл-Азхар университеті қабырғасында білім алып жатқан Қазақстан жастары айт күні бас қосып, елден жырақта жүрсе де мерекелік көңіл күйді бірге бөлісті.
Шара барысында студенттерге рухани насихат айтылып, бірлік пен бауырмалдықтың маңызы сөз болды. Зекет қорының демеушілігімен ұйымдастырылған бұл игі іс – шетелде білім алып жүрген жастарға көрсетілген зор қолдау әрі қамқорлықтың айқын көрінісі.
Айт дастарханы студенттерге мерекелік қуаныш сыйлап, елге деген сағынышты сейілтіп, рухани серпіліс берді.








