Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен «Зекет және қайырымдылық» қорының «Zeket Hub» білім беру орталығында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларынан шыққан мектеп оқушыларына арналған жазғы ағылшын тілі курсы өз мәресіне жетті.
Курс қорытындысы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев қатысушыларға арнайы сертификаттарды табыстап, қаржылық сауаттылық тақырыбындағы кітапты сыйға тартты.
Сонымен қатар, оқушыларды қордың Qaiyrymdyq Jarshylary еріктілер қозғалысының құрметті еріктілері қатарына тарту мақсатында арнайы еріктілер кеудешелері табысталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Волонтерлік – жауапты азаматтықтың және қоғамға жанашырлықтың айқын көрінісі». Осы қағиданы басшылыққа алған қор жастарды қайырымдылық пен қоғамдық қызметке белсенді қатысуға шақырады.
Өз сөзінде Мақсатбек Қайырғалиев әрбір Қазақстан азаматы әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, қоғамның дамуы мен еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ ол жастарды білім алып қана қоймай, мейірімділік пен жанашырлық құндылықтарын бойына сіңіріп, мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге әрдайым дайын болуға шақырды.
Аталған жазғы білім беру жобасы қордың әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдау, олардың білімін жетілдіру және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған игі бастамаларының бірі болып табылады.









