Печать
Просмотров: 12

Шығыс Қазақстан облысының Өскемен және Зайсан қалаларында «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен қайырымдылық жұмыстарына жауапты имамдарға арналған арнайы семинарлар өтті.

Іс-шараларға өңір имамы Думан Сейфуллаұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев, сондай-ақ қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға жауапты имамдар мен мамандар қатысты.

Семинарлар барысында зекет пен ұшыр жинау жұмыстарын жүйелендіру, қайырымдылық жобаларының тиімділігін арттыру, халық арасында зекет беру мәдениетін қалыптастыру және еріктілер қозғалысын дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев өз сөзінде зекет пен қайырымдылықты насихаттау ісінде волонтерлердің рөлін күшейту және еріктілердің жұмысын жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті.

Оның айтуынша, дамыған қоғамның маңызды көрсеткіштерінің бірі – азаматтардың әлеуметтік жауапкершілік деңгейі. Қоғам мүшелерінің мұқтаж жандарға жанашырлық танытып, ортақ игілік жолында белсенді әрекет етуі әлеуметтік бірлікті нығайтады.

Сонымен қатар жиындарда Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 2026 жылдың «Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы» болып жарияланғанына назар аударылды. Осы орайда волонтерлік мәдениетті дамыту, жастарды игі істерге тарту және қайырымдылық бастамаларын кеңінен насихаттау қажеттігі айтылды.

Семинарлар аясында жауапты имамдарға зекет пен ұшыр жинаудың заманауи әдіс-тәсілдері түсіндіріліп, қайырымдылық жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру және волонтерлермен өзара байланысты нығайту бағыттары қарастырылды.

Өскемен және Зайсан қалаларында өткен семинарлар өңірдегі қайырымдылық қызметтің тиімділігін арттыруға, зекет мәдениетін кеңінен насихаттауға және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен еріктілік рухын нығайтуға бағытталды.

WhatsApp Image 2026-11-02 at 10.52.13.jpegWhatsApp Image 2026-11-02 at 10.52.13 (3).jpegWhatsApp Image 2026-11-02 at 10.52.13 (2).jpegWhatsApp Image 2026-11-02 at 10.52.13 (1).jpeg