Печать
Просмотров: 558

Бір ұстаздың әңгімесінен кейін ұялып қалдық. Бір ата-аналарға мысалға келтіріп айтты.

“Балалардың киген киімдері мен оқу құралдарының түгелдігіне қарап, әлеуметтік жағдайын байқауға болады. Бір оқушыдан түрлі түсті қаламдарын сұрағанымда, ол: “- Апай, кешіріңіз, бүгін ағамның да сурет сабағы болады екен. Біз кезектесіп ұстайтын едік. Сурет сабағын басқа күні өтейікші”,- деді.

Мұғалім оқушысының сөзінен кейін жылап жіберді. Нөлінші сыныпқа жаңадан келген қыз баласы екен.

Апайы сұрастырса, жағдайы өте нашар, төмен отбасыдан шыққан. Әкесі ішкілікке салынған.

Олар мемлекеттің балаларға беретін жәрдемақысына күн көріп келеді екен. Ұстазы үйдегі ескі-құсқыны беруге ұялып, жаңасын сатып әкеліп беріп әңгіме тәмам болған.

Жыл сайын “Мектепке жол” акциясы өтеді. Алайда оның шарапатынан шын мұқтаждарға шет қалып қояды. Өйткені олар көмек сұрауға ұялады.

Мешіттерге де көбінесе тоқ адамдар алдап келеді. Ал, биыл оқу құралдарына таласқан еңселі әкелерді, мектеп формасының сәндісін таңдаған аналарды, қымбат сөмке бермедің деп доқ қылған әжелерді көз көрді.

Мына оқиға ойландыратын жайт. Шын мұқтаждарға берілмеген көмектің қайыры шамалы.

Ал, өздерін кедейдің-кедейіне теліп келіп, жәрдем сұрайтындарды Абайдың тілімен Құдайдан қорқып, пендеден ұялуға шақырамыз. Бұны шын мәнісінде кедейлікке тап болудан сақтандыру деп түсінген жөн.

Алла Тағала ниет пен пейілге қарайды. Неге жақын болсаңыз, сонымен қауыштырып қояды.

Бұ дүниеде ол жағдай сізге керемет көрінгенімен, қияметте жауабы ауыр болмасына кепілдік бере алмаймыз. Барға қанағат қылмағанның, жоққа тап болатынын дана халқымыз ескерткен.

Келес ауданы “Шмадияр” мешітінің имамы Сапарбек Нәлібаев бірқатар оқушылардың әлеуметтік жағдайын зерттеп, арасынан шын мұқтаждарын тауып алды. Нәтижесінде 23 балаға мектеп формасы берілді.

Алла Тағала қиналып жүрген жандарға жәрдем Етсін, оларға қол ұшын созған жомарттарға берекесін берсін! Зекет, садақаны мешітке берсеңіздер, жергілікті жұртшылықтың жай-күйін жақсы білетін имамдар керегін сіздің атыңыздан жеткізіп береді.