Печать
Просмотров: 568

Жақсылық жасаған жандар алғыс дәметпесе де, оларға рахмет айта білу – мәдениеттілікке жатады. Өкінішке қарай, қазір алғыс айтпақ тұрмақ, қарғыс айтатындар бар боп тұр.

Кешіріңіздер, ақиқатын айтар болсақ, Алла Тағала еңбекқор адамдарды жақсы көреді әрі берекесін береді. Ал, бейнеттенбей қайырымдылықтан көмек сұраудың қайыршылықтан айырмашылығы шамалы.

Мұндайда қол-аяғы жоқ болса да, адал кәсіптен несібесін теріп, түрлі салада жұмыс істеп жүрген мүгедек адамдардан сабақ алған жөн. Көмек берілетін санатқа жататын жандардың шариғат бойынша талаптары бар.

Ол талапқа сай келмейтіндерге жәрдемдесуге міндетті емес. Жамағатқа да соңғы кездері ашкөздіктен арсызданып мешітке келіп, шу шығарып көмек сұрайтындар ұнамай жүр.

Әлбетте, әркім садақасының шын мұқтажға жеткенін қалайды. Имамдарға жергілікті жұртшылықтың жай-күйі мәлім.

Кейбір өтірік мүләйімсігендер шын міскіндердің ризығына таласа бастады. Осының бәрін ескеріп бұдан былай мешіттерден көмек қол жайып келгендердің бәріне жайдан-жай беріле салмайды.

Шүкіршілік еткен сайын, ризық молаяды. Ал, бос жатып тегін олжа сұрайтын тілемсектіктің жазасы үшін Рахман Иеміз кедейліктің 70 есігін ашып қоятыны ескертілген.

“Нұр-Жетісай” мешітінің имамы Абдурахман Нұрматов тұрмысы өте нашар отбасыларға арнап қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Нәтижесінде 10 үйге 5 келі ет пен 5 мың теңгеден үлестірілді.

Алла Тағала жомарттарға берекесін берсін!