Печать
Просмотров: 440

Айтып-айтпай не керек, дін қызметкерлерінің көбісіне жайлы жағдай жасау керек. Өздері жарымай жүрсе де, жұртқа жақсылық жасаудан шет қалмайды.

Имамдар жалынып-жалпайып жүріп қайырымдылық шараларына ұйытқы болады. Ал, сауабын мұқтаждарға қол ұшын созғандар алады, имамдар сонысына мәз болады.

Негізі жәннатқа ғалымдардан бұрын байлар кіреді дейді. Өйткені, олар дін қызметкерлеріне дінге алаңсыз қызмет етулері үшін барлық жағдайларын жасаған.

Баяғының байлары имамдардың дүнәуи тірлігінің бәрін шешіп берген. Олардың байлықтары ұрпақтан-ұрпаққа жете берген.

Имамдарға жағдай жасау – үзілмес сауапты істің бірі. Былайша айтқанда Алла Тағаланың Құрандағы әмірін орындаған.

Ақтас ауылы молдасы Нәби Катековтың үй-жайсыз жүргеніне жиырма жылдан асқан. Тапқан-таянғаны төрт баласынан артылмайды.

Оның жай-күйіне қанық аудан имамы Ұлықбек Алиакбарұлы көп жылғы арманының орындалуына себепкер болды. Атын жасырған бір атымтай жомартқа барып, ауыл молдасына қажетті бұйымтайын айтты.

Зекет пұлын “Ел үлесі – пәтерге” жобасына бұрып, Нәби Кәтековке баспана алып бере салды. Бүгін сол үйдің кілті су жаңа иесіне табысталды.

Аудан имамы, аудан әкімінің орынбасары, ауыл молдалары “құтты болсынға” атағандарын берді. Яки, кілемдер мен қаржылай сый тарту етті.

Нәби молданың қуанышын тек көзбен көру керек. Қуанышына ортақтасып барған аудан имамы қол ұшын созған кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

Алла Тағала молданың мұқтаждығын өтеген азаматқа разы Болсын, кәсібіне берекесін Берсін! Шаңырағына шаттық тілейміз.