Печать
Просмотров: 425

Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйытқы болуымен және ҚМДБ-ның «Зекет» қорының Маңғыстау облысындағы филиалының ұйымдастыруымен «Ел үлесі – пәтерге» жобасының 433-шы баспанасы табыс етілді.

Жаңа шаңырақ көп жылдан бері дін саласында қызмет етіп жүрген, көп балалы дін қызметкерінің отбасына бұйырды. Бұл жанұя осыған дейін өз баспаналарының болмауына байланысты, мешіт жанындағы ескі үйде тұрып келген.

Игі шараға Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің бас имамы Құрбанбек Абдалиев бастаған дін қызметкерлері қатысып, Маңғыстау ауданы Шайыр ауылдық мешітінің имамы Құралбек Шоқанбаевқа салтанатты түрде үй кілтін табыс етті.

«ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен мешіт қызметкерлерін қолдау қолға алынып, соның ішінде имамдарды баспанамен қамту жобасы жүзеге асырылуда. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған бүгінгі шара соның айқын дәлелі», деді Құрбанбек Абдалиев.

«Бұл Ақтау қалалық мешітінің қолдауымен берілген алғашқы үй емес. Жақында ғана баспанаға зәру Дүйсенғалиевтар отбасы жаңа тұрғын үйге көшірілген болатын. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын тауып, мұқтаж жандар назардан тыс қалмайды», деп жалғады сөзін Ақтаудың қаласының бас имамы.