Печать
Просмотров: 143

Қазақстан мұсылмандарыд басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасы бойынша «Зекет және қайырымдылық» қорымен Қостанай облысында орын алған апатқа байланысты көмек көрсету бойынша бірқатар іс-шаралар атқарылды

Қостанай облысында орын алған апатқа байланысты еліміз бойынша мешіттерде дұға ету, салауат айту рәсімдері өткізілді. 2022 жылы қыркүйектің 4-і күні Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін қызметкерлері Қостанай облысы Әулиекөл ауданына барып, өрттен зардап шеккен азаматтармен кездесті. Сонымен қатар, Әулиекөл аудандық «Әмит ишан» мешітінде қайырымдылық іс-шарасына қатысып, тосыннан орын алған сынаққа халықты сабыр етуге шақырып, Алладан табиғи апаттың тез тоқтауын тілеп, арнайы дұға жасады. Сондай-ақ Әулиекөл аудандық мешіт имамдары үйін өрт жалмаған жандарға рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп, үйсіз қалған жандар мешіттерге орналастырып, ас-ауқат беріп және т.б. қолдан келген көмектерін көрсетті.

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры орын алған апатқа байланысты Қостанайда жедел штаб құрып, қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырды. Аталған іс-шара барысында арнайы қоймаға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен тұрмысқа қажетті құрал жабдықтар, төсектер жеткізілді.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық» қоры еліміздегі барлық мешіттерде «Қостанайға шұғыл көмек» қайырымдылық акциясын өткізді. Акция барысында Қостанай облысында зардап шеккен жандарға қаржылай көмек мақсатында арнайы қаражат жиналды. Бірнеше күнге созылған акция нәтижесінде 23 003 415 тенге қаражат жиналды. 2022 жылы қыркүйек айының              13-інде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасының кеңесшісі, наиб муфти Кенжетай Байкемелұлы және «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрағасы Болат Бидахметұлымен кездесіп, Қостанайға көрсетілген қаржылай көмек бойынша ақпарат алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша ҚМДБ басшылығы  «Қостанайға шұғыл көмек» қайырымдылық акциясы нәтижесінде жиналған қаражатты «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына арнайы тапсырды. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басшысы Болат Бидахметұлы 2022 жылы қыркүйектің 16-ы күні өтетін «Қазақстан халқына» Ұлттық қайырымдылық I Конференциясының қорытынды отырысына Кенжетай Байкемелұлы мен Мақсатбек Мақсотұлын қатысуға шақырды.