ҚМДБ "Зекет және қайырымдылық" қоры еліміздің әр облысындағы өкілдеріне арнап арнайы жилеткалар таратты. Бұл игі шара алдағы Құрбан айт мерекесі мен жалпы Зекет қорының қызметіне байланысты ұйымдастырылып отыр.
Жилеткаларда қордың айрықша белгісі бейнеленген және ол өкілдердің ресми іс-шараларда танылуына, халықпен жұмыс істеу барысында бірыңғай киім үлгісін сақтауына мүмкіндік береді. Қор бұл бастаманы жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырып келеді.
– Бұл бастама өкілдеріміздің қызметін жеңілдетіп, олардың қоғамдағы беделін арттыруға сеп болады. Сонымен қатар, Құрбан айт кезінде халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу үшін арнайы киімнің маңызы зор, – дейді "Зекет және қайырымдылық" қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев.
Айта кетейік, Құрбан айт қарсаңында Қор тарапынан республикалық ауқымда қайырымдылық шаралары, құрбандық шалу рәсімдері мен мұқтаж жандарға көмек көрсету жұмыстары кең көлемде жүргізіледі.