Печать
Просмотров: 611

Бүгінгі таңда «Зекет» қоры қайырымдылық, мейірімділік және ізгілік атаулы бастамалардың барлық негізгі бағыттарын бір арнаға тоғыстыруда. Көпбалалы отбасылар мен жалғыз басты аналарды  азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етумен қатар, жетім балалардың оқу ақыларын төлеуге көметесіп, ауыр дертке шалдыққан балаларға да қолдау көрсетуде. Соның бір мысалы ретінде «Күн әлемі» қоғамдық қорына (ОФ «Солнечный мир») демеушілік көмек көрсетілгендігі жайлы айтқымыз келеді.

Бастапқы кезде бұл қоғамдық қор 2015 жылы елордалық ерікті ата-аналардың бастамасымен «Даун синдромы» бар балаларға реабилитациялық, психологиялық, медициналық көмек және әлеуметтік қолдау орталығы болып құрылған. Реабилитациялық орталықта дефектолог, логопед, психолог, массажист  және басқа да мамандар мен түрлі терапия кабинеттері жұмыс жасауда. Қазіргі таңда бұл орталыққа еліміздің басқа да өңірлерінен келіп тіркеліп, ем шараларын қабылдауда. Орталықтың мақсаты – ауыр дертке шалдыққан балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болуына көмектесу.

Осындай маңызды әрі ауыр еңбекті атқарып жатқан орталыққа «Зекет» қоры тарапынан қолдау көрсетілді. Балалардың ата-аналары зор ризашылықтарын білдіріп, реабилитациялық орталықтың басшылығы өз кезегінде «Зекет» қорының директоры Талғат Сейіткәрімұлына алғыс хат табыстады.

«Зекет» қорының баспасөз қызметі