Печать
Просмотров: 813

Самарқанның көк тасы еритін көктемнің шуақты күндері келісімен ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша «Зекет қоры» өкілдігі зекетті насихаттау жұмыс сапарымен Алакөл ауданына жол тартқан еді. Іссапар барысында кешегі қасиетті жұмада Үшарал қаласындағы үш мешітте зекет насихатталды. Атап айтқанда, Алакөл аудандық орталық мешітінде "Зекет қорының" Талдықорған өңірі бойынша өкілі Серік Құсайынұлы, Үшарал қалалық мешітінде Қаратал аудандық зекет өкілі Қанат Сарқытбайұлы, сондай-ақ, "Фатиха" мешітінде Алакөл аудандық зекет өкілі Серік Омарұлы жұма уағызына шықты. Және дәл осы жұмада Алакөл аудандық орталық мешітінде ҚМДБ "Зекет" қорының "Ел үлесі пәтерге" жобасының аясында Қабанбай ауылының тұрғыны, он жеті жыл бойы бөтеннің босағасын жалдап күн кешіп келген жалғызілікті ана Сәбира Тоққожақызына Талдықорған өңірі бойынша «Зекет қорының» өкілі Серік Құсайынұлы баспана кілтін табыстады! Үздіксіз жалғасып келе жатқан «Ел үлесі пәтерге» жобасы бойынша бұл -  Талдықорған өңірінде берілген 52-ші баспана болса, Республика бойынша 190-шы баспана болып отыр! 

Осынау жақсы үрдіс қалыптастырған жақсы жобаның жалғаса беруіне үлес қосар өздеріңіздей жомарт жүректі жандар қатары арта берсін, ағайын!