Печать
Просмотров: 343

Зекеттің өзінің мақсаты бар. Оның оңды-солды таратуға болмайды.

Алла Тағала зекетті жоқ-жітіктерді кедейлік деңгейінен шығару үшін шамасы шариғат шеңберіне жеткен мұсылмандарға бұйырған.
Зекет – бір отбасын пақырлықтан шығаруға арналған парыз төлем екенін еске саламыз.

Малдан немесе мүліктен зекет төленсе, мұқтаж отбасыларға мал басы бүтін берілуі керек. Алған адам сол малды көбейтіп, кәсіпке айналдыруы тиіс.

Мүлік немесе ақшалай зекетті үйі жоқтарға баспана, нәсібі жоқтарға кәсіп ашып беруге жұмсауға болады. Ал, енді еккен өнімнен ұшыр, сатқан тауардан зекет төлейтіндер, қолда барымен өтей алады.

Түркістан облысында жүргізілген зекет сабақтары жемісін бере бастады. Төрт түлікті төлдетіп отырғандар зекет малын бір отбасыға мал басы ретінде беріп жатыр.

Қазақтың “қайыр қылсаң бүтін қыл” дегенінің мәні осыда шығар. Қалай десек те зекет те, садақа да қайырлы амалдар.

Мал басын бүтін беруден Келес ауданының кәсіпкерлері алда келеді. Зекет насихатын жүргізіп жүрген имамдарға ризашылығымызды білдіреміз.

Бозай ауылы “Әбдімәлік ата” мешітінің жамағаты Марат Хайтымбетов 10 отбасыға азық-түлік таратты. Ал, Оңалбай Мұстаев 2 қой зекетін тұрмысы төмен отбасыға соймай тірідей табыстады.

Зекет – парыз, ал, садақа – қайырымдылық амал. Алла Тағала қабыл Етсін!