Печать
Просмотров: 4625

ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қоры қызметкерлерінің ұйымдастыруымен және «Дунганка» лағманханасының демеушілігімен Алматы қаласындағы ата-анасының мейірімі мен қамқорлығынан шет қалып «Жанұя» балалар үйін паналаған 50 балаға дастархан жайылып, ас берілді.   Қамкөңіл балаларға сыйлықтар да үлестірілді. Аталмыш қайырымдылық іс-шарасына «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университеті студенттерінің қосқан үлесін ерекше атап өткіміз келеді. Тағдырлары бір арнаға тоғысқан бүлдіршіндермен жүздесу іс-шарасы кішігірім мерекеге ұласты.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жетімдер туралы сұралғанда Алла тарапынан уахи боп түскен қасиетті құран аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. «Оларды түзелткен жақсы (яғни, жетімдерді тәрбиелеп өсірген жақсы, жетімнің әкесінен қалған мал-мүлкін қорғап, бағып берген жақсы), (әкесіз қалған бейшара жетімдердің мүддесіне бола) олармен араласып (өмір сүріңдер) жасаңдар. Олар сендердің діндес туыстарың. Алла бұзушыны түзеушіден айырып біледі...» - делінген,(«Бақара» сүресі, 220-аят).

 Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлағатты сүннет қазынасында жетімдердің жайын ойлауға жігерлендіретін хадистер жетерлік: «Бір жетім дастарханда елмен бірге отырса, дастарханға пәле жоламайды», «Құл мен жетімдерге көмек еткен кісі - Алла жолында соғысқан немесе күндіз ораза ұстап, түндерде ғибадат еткен кісі сияқты». Имам Ахмад (р.а.) жеткізген тағы бір хадис-шарифте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім Алла үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген. Бұл аят пен хадистердің мұсылман үмметіне тигізер әсері зор екені сөзсіз.

Ал, біз өз кезегімізде ҚМДБ-ға қарасты «Зекет» қорына әрдайым қолдау көрсетіп, игі істерге атсалысып жүрген қайырымды жандарға алғыс білдіреміз!