Печать
Просмотров: 400

Қасиетті Рамазан айы тақуалықтың ғана емес, ізгіліктің де айы саналады. Ораза басталғалы бері мешіттер өздерінің қал-қадірінше мұқтаж отбасыларға көмек қолын созып, азық-түлік қоржындарын таратып жатыр.
Бүгін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен «Берекелі Рамазан керуені» атты республикалық қайырымдылық акциясы тікелей телекөпір арқылы ұйымдастырылды. Дінбасы өз батасын беріп, адамға жақсылық жасау асыл дініміздің ең қастерлі арнасы екенін айтты.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлы бастаған өңірдің бүкіл мешіттерінің имамдары бұл акцияға бір кісідей қатысып, өздерінің үлестерін қосты. Облыстың бірде-бір ауданы қайырымдылық шарадан тыс қалған жоқ. Шама-шарықтарынша қайырымдылыққа демеушілер тауып, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік салынған қораптарды таратты.
Ақмола облысы бойынша барлығы 760 отбасыға көмек қолы созылды.
Алда бұл шара жалғасын таппақ. Жалпы, Ақмола облысының мешіттері жыл он екі ай бойы қайырымдылық жасайды. мұқтаж адамға қарасу дініміздегі ең ізгі істердің бірі. Сондықтан осы іске белсене қатысқан барлық имамдар мен қайырымды жандарға Алла разы болсын дегіміз келеді.