Печать
Просмотров: 272

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасына орай, Алматы қаласы мешіттерінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» қайырымдылық онлайн акциясы өтті.

Бұл игі шараға Алматы қаласының бас имамы Төлеби қажы Оспан, аудан имамдары мен мешіт қызметкерлері және еріктілер қатысты. 

Қайырымдылық шара барысында сөз алған бас имам Төлеби қажы Оспан білім алудың дініміздегі орны мен сауабы жайлы насихатын айтты. Елдің ертеңі болған мектеп оқушыларына қолдау ретінде өтіп жатқан шараның маңызына тоқталды. Сондай-ақ осы шара аясында қаладағы әлеуметтік аз қамтылған 1000 отбасыға оқу құралдары салынған мектеп сөмкелері үлестірілетінін жеткізді. Сөз соңында бас имам сауапты іске атсалысқан аудан мешіттерінің имадарына, қайырымдылық шарасы үшін қаражат жинауға атсалысқан блогер-вайнерлер мен кәсіпкер азаматтарға алғыс білдірді.   

Қашықтан өткен аталмыш акция аясында оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған мұқтаж отбасылармен қатар “Жусан” операциясымен елге оралған 30 отбасыға да көмек көрсетілді.

Бас имам бастаған қала имамдары мен еріктілер тегін жеткізу қызметімен отыздан аса автокөлікпен мектеп сөмкелерін мұқтаж отбасылардың үйіне жеткізу үшін жұмылдырылды. Сөмкелерді жеткізіп беру шарасына Төлеби қажы Оспанмен бірге белгілі блогер, актер Саидбаев Азим де қатысты.     

Балалардың жүзіндегі қуанышты көрген ата-аналар қайырымды жандарға шексіз алғыстарын айтты.

“Мектепке жол” қайырымдылық шарасын жоғары деңгейде өткізіп, мұқтаж жандардың алғысын алуда көмек көрсеткен жомарат жандарға Алла разы болсын дейміз.

Алматы қалалық орталық мешітінің баспасөз қызметі