Печать
Просмотров: 354

Маңғыстау облысының мешіттері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жыл сайынғы дәстүрлі «Мектепке жол» акциясына үн қосты.

Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлының бастамасымен жүзеге асқан «Мектепке жол-2021» шарасы Ақтау, Жаңөзен қалалары және Бейнеу, Қарақия, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған аудандарының мешіттерінде өтті. Жергілікті дін қызметкерлері және еріктілердің ұйымдастыруымен жүзеге асқан қайырымдылық іс-шаралары нәтижесінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 1000 балаға оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған мектеп сөмкелері, сондай-ақ арнайы мектеп киімдері табыс етілді.

Облыстық орталық «Бекет ата» мешітіндегі шара аясында Әнуар Ізімбайұлы:

«Игі дәстүрге айналған қайырымдылық аясында, биылғы жылы 1000 оқушының тілегінің орындалуына себепші болып отырмыз. Басты мақсатымыз – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға барынша жанашыр болып, білімге құштар өрендерге жақсы көңіл-күй сыйлау еді. Сауапты іске қолдау білдіріп, зор үлес қосқан «Зекет» корпоративтік қорының Маңғыстау өңірі бойынша өкілдігіне, қайырымды азаматтарға, жамағат пен еріктілерге алғыс білдіреміз. Баршаларыңызға Алла разы болсын!» дей келе, оқушыларға білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіс үстінде болып, елім, жерім дейтін азамат болуға шақырды.