Печать
Просмотров: 311

Түркістан төрінде тарихта алғаш рет кең көлемде Мәуліт мерекеленді. Конгресс холл залында “Шапағатшым бір өзіңсің – Мұхаммед с.а.у” атты рухани кеш өтті.

Облыс имамы Еркебұлан Қарақұлов түркістандықтарды Мәуліт мерекесімен құттықтады. Облыс әкімінің орынбасары Өмірзақ Шөкеевтің ыстық сәлемін жеткізді.

Алдымен Құран бағышталды. Мәуліт жыры қазақ және араб тілінде оқылды.

Елге белгілі ұстаз Арман Қуанышбаев Пайғамбарымыз Мұхаммед-Мұстафаның с.а.у ғибратты ғұмырынан бір үзік сыр айтты. Жұртшылықты Құран үйреніп, оған амал қылуға шақырды.

Әнші, сазгер Марат Омаров “Мекке-Мәдина” әнін шырқады. Р.Сейтметов театрының ұжымы тағылымды қойылым сахналады.

Мәдениет қайреткері Сәкен Майғазиев аналарға арнап ән салды. Ақын Бекарыс Шойбеков жыр шумағын арнады.

“Ел үлесі пәтерге” акциясы аясында 491, 492, 493, 494 баспана кілті жетім-жесірге тарту етілді. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы қоныс иелеріне ақ батасын берді.

Игі іске ұйытқы болған қала имамы Мұхаммеджан Жұмаділлаев Мәуліт кешіне келгендер мен қолдау көрсеткендерге ризашылығын білдірді. Алла Тағала баршасына разы Болсын, сауаптан Жазсын!