Печать
Просмотров: 93

ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясы аясындағы кезекті баспана көпбалалы отбасыға бұйырып, Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылынан үш бөлмелі үйдің кілті табысталды.

Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай Ақтау қалалық «Бекет ата» мешітінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан шара барысында Құрманбек Лашкарбекұлы, дін қызметкерлері, елді мекен ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

«Ең ұлық ай – Рамазанда қайырымдылық жасау, жомарт болу, мейірімділік көрсету – ізгі амал, сауапты іс саналады. Жамағаттың қолдауымен қаражат жинап, баспанасыз бауырымызға үй сыйлауға бірден кірісіп, қуана құптадық. Қазақ «Өз үйім, өлең төсегім» деп, әр отбасының шағын болсын, үлкен болсын, жекеменшік баспанасы болғанын тілеген. Енді бес сәбидің өз үйі, ойнайтын ауласы бар» деді Құрманбек Лашкарбекұлы.

36 жастағы Асанбек Мырзағұловтың бес баласы бар. Өзі бір мекемеде қарауыл болып істейді, келіншегі бала күтімінде. Отбасының өз үйі болмағандықтан, көп уақыт бойы өндірістік базада, сондай-ақ, жалдамалы пәтерлерде тұрған.