Қарағанды облысында «Ел үлесі – пәтерге» республикалық қайырымдылық жобасы аясында кезекті қуанышты оқиға болды.Теміртау қалалық орталық мешітінің бір қызметкеріне жаңа қызметтік пәтердің кілті табысталды.
Бұл — аталмыш игі жобаның 809-шы баспанасы. Жобаның негізгі мақсаты — халық арасында мұқтаж жандарға қолдау көрсету, баспанаға зәру азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлес қосу.
Салтанатты шарада пәтер кілтін Қарағанды облысының бас имамы Естай Әбдіғали мен Зекет қорының Қарағанды облысы бойынша өкілі Асылхан Түсіпбеков табыстады.
Пәтер иесі бұл қолдауға шын жүректен алғысын білдіріп, қуанышын жасыра алмады:
«Бұл пәтер — мен үшін жай ғана баспана емес, үлкен сенім мен жауапкершілік. Қолдау көрсеткен барлық жомарт жандарға Алла разы болсын!» — деді ол.
Шараға жиналған жұртшылық та бастаманың маңыздылығын атап өтіп, демеушілер мен ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізді. «Ел үлесі – пәтерге» жобасы елімізде әлі де жалғасын тауып, көптеген мұқтаж жанның үмітін ақтап келеді.
“ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕРІҢДІ ЗЕКЕТ БЕРУМЕН ҚОРҒАҢДАР” Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том