Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өзге ел қызыға қарайтындай түрлі қырларымен қарқынды дамып келеді. Бұл қырлардан діни ахуалдарымыз да кенде қалмай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының саралы бағытымен жыл өткен сайын мешіттер саны артып, имамдар сапасы сараланып, рухани білімді жастардың қаралары көбейіп келеді.
«Зекет» қорының директоры Омаров Талғат қажы Сейткәрімұлының тікелей басшылығымен қордың жетістіктері жылдан жылға арта келіп, Алланың қалауымен, көптеген мұқтаж жандар көмекке ие болды. 2018 жылы 55 620 мұқтаж отбасыларға қаржылай, азық-түлік, отын және киім-кешекпен көмек көрсетілген болса, 2019 жылы жәрдем берілген отбасылар саны 73 мыңнан асты.
Сонымен қатар, ел аумағындағы ең ауқымды жоба «Ел үлесі – пәтерге» жоба аясында 173 баспананың кілті мұқтаж отбасыларға табысталды.
2019 жыл елімізде ашықтықты негізге алған «Зекет» қорына сенім артқан қайырымды жандардың саны артып келе жатқандығын көрсетті.
Қазіргі таңда республика бойынша «Зекет» корпоративтік қорының 19 өкілдігі бар. Әр өкілдік атқарған жұмыстарының есебін тапсырып отырады. Қордың жұмыс жасау бағыттары әрдайым кеңеюде. Жалпы барлық өңірлерде азық-түлік, киім-кешек, көмір, қаржылай және тағы басқа да түрде жәрдем көрсетіледі. Қорға түсіп жатқан зекет-садақалардан науқас адамдардың емі, баспанасыз қалған отбасылардың пәтерлері, жағдайы төмен, көпбалалы және жесір балалардың оқу ақысы секілді мәселелерді шешуге қол ұшы созылып, қаражат бөлінуде.
Нақтылап айта кетсек, «Тайқазан» жобасы аясында 23 975 отбасыға азық-түлікпен жәрдем берілді.
«Тайқазан» жобасы – 2014 жылдың желтоқсан айынан бастап іске қосылған болатын. Ай сайын тұрақты түрде материалдық жағдайы төмен, асыраушысынан айырылған, толық емес отбасыларға, жетім-жесірлерге, балалардың цебралды сал (ДЦП) ауруына шалдыққан және мүгедек балалары бар отбасыларға азық-түлік тарату жолға қойылған. Аталған жоба бойынша мұқтаж жанұяларға ұн, май, шай, макарон, бұршақ өнімдері және басқа да әртүрлі азық-түліктер таратылады. Қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық етіңдер әрі Оған еш нәрсені серік етпеңдер. Және ата-анаға, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар», – деген аят жолдары бар (4:36).
«Үміт сыйла сәбиге» – бұл жоба ауруға шалдыққан сәбилердің мәселесін шешуге бағытталған. Оның ішінде балалардың цебралды сал (ДЦП) ауруына, онкологиялық, талма және ауыр дерттерге шалдыққан балаларға тек Қазақстанда емделуіне ғана емес, сонымен қатар, шет елдерде де емделуіне қаржылай қолдау көрсету көзделген. Бүгінгі таңда қор ауыр дертке шалдыққан сәбилердң пайдасына жәрмеңкелер, қайырымдылық акциялар, шеберлік сыныптар ұйымдастырып үлгерді. Сондай-ақ, осы уақыт ішінде қор тізіміндегі науқас балаларға мүгедек арбаларын, ортопедиялық аяқ киімдер, қажетті дәрі-дәрмектер алып берілді. Мақсатымыз – сәбилердің жанына батқан дерттерін аз да болса жеңілдеуіне себепші болу еді...
Сондай-ақ, осы жоба аясында республика бойынша көптеген дәрігер мамандармен ынтымақтастық орнатып, дертті балаларды оңалту мақсатында жұмыс жасаймыз. «Үміт сыйла сәбиге» жобасы бойынша 2019 жылы 600 мың теңгеге жуық қаражат сомасы балалар еміне берілді.
2019 жылы «Жылулық сыйла» акциясы аясында 703 мұқтаж отбасы көмірмен қамтамасыз етіліп, жылы киім-кешекпен 5056 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
«Құрбан шал да, қайырымды бол» жобасы – Ұлық мереке – Құрбан айтқа арналған жоба. Бұл акция бойынша мұқтаж және аз қамтылған отбасыларға, соқырлар қоғамдарына, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар үйлеріне құрбандық ет таратылады. 2019 жылы «Зекет» қоры арқылы 34 000 отбасыға 251 126 киллограмм құрбандық еті таратылды.
Ең ауқымды жобаларымыздың бірі – «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында жалпы 173 баспана берілді. Соның ішінде тек 2019 жылдың ішінде республика бойынша 117 баспана әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға берілді.
«Ел үлесі – пәтерге» жобасы – қордың және халықтың мұқтаж адамдар өміріне қосқан үлесі. Мақсаты – қор тізіміндегі көпбалалы, мұқтаж отбасыға көпшіліктің көмегі арқылы пәтер сатып алып беру. Жобаның іске асуына үлес қосып, қайырымдылық жасауға мұрындық болу арқылы қор қызметінің бірізділігін көрсетіп, қоғамда зекет пен садақаның маңыздылығын насихаттауды алға қойдық. Ортақ іс бір-бірімізді игі шараға үгіттеп, қолдап, түсінушілік танытуға жетелейді. Бұл қолдау әрбір жанды жақсылыққа шақырып, қоғамда ерекше орынға ие болатын азаматтық позицияны айқындайды.
Еліміздің әр өңіріндегі «Зекет» қоры өкілдерімен семинарлар мен жиналыстар өткізіліп отырады. Соңғы өткен жиналыста келер жылы атқарылатын жобалар талқыланып, «Зекет» қайырымдылық қорының директоры – Омаров Талғат қажы Сейткәрімұлының ұсынысымен алдымыздағы 2020 жыл – ««Зекет» қоры. Болашаққа үміт сыйла» атты бағыт алды. Бұл бағыт аясында республика аумағындағы медреселерге көмек көрсетумен қатар, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқып жатқан жетім балаларға қолдау көрсету жоспарлануда.
Аталған жобалардан бөлек, қордың тұрақты «Берекелі нан», «Алтын құрсақты батыр анаға тосын сый», «Мұқтаждың мұңын бөліс», «Жақсылықта жарысайық», «Жетім көрсең жебей жүр», «Мектепке жол», «Жүректен жүрекке» сияқты жобалары және басқа да жаңа акциялар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
https://zeket.online/esep.html#sigProIdaccbbbb770
№ | Облыс атауы | Зекет және қайырымдылық қаржылай таратылған мөлшері |
1 | Бас кеңсе | 11 564 000 |
2 | Астана қаласы | 16 426 744 |
3 | Ақмола облысы | 17 515 020 |
4 | Атырау облысы | 3 455 900 |
5 | Батыс Қазақстан облысы | 27 935 000 |
6 | Жамбыл облысы | 12 485 000 |
7 | Жезқазған аймағы | 2 329 000 |
8 | Қарағанды облысы | 20 004 821 |
9 | Қостанай облысы | 6 271 320 |
10 | Қызылорда облысы | 20 619 000 |
11 | Маңғыстау облысы | 5 597 800 |
12 | Оңтүстік Қазақстан облысы | 9 509 000 |
13 | Павлодар облысы | 105 569 100 |
14 | Семей аймағы | 9 179 500 |
15 | Солтүстік Қазақстан облысы | 8 863 000 |
16 | Талдықорған облысы | 5 324 200 |
17 | Шығыс Қазақстан облысы | 6 121 333 |
19 | «Зекет» қорынын барлық облыс және өнірлердін қаржылай берген Зекет және қайырымдылықтын қаражат мөлшері | 288 779 738 |