Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «даму кезеңіне» қадам басып келеді. Әсіресе, «цифрландыру» саласында нақты жұмыстар қолға алынып жатыр. Оның мысалы ретінде ҚМДБ-ға қарасты Цифрлық даму бөлімі ашылып, жұмыстар жүйеленуде. Ғұламалар кеңесі тарапынан «киберсквоттинг», «киберспорт» секілді мәселелерге қатысты пәтуалар берілді. Жалпы, ҚМДБ бөлімдерінде «цифрландыру» бағытында жұмыстар жүйеленіп, жүргізіліп келеді.
Осыған орай, ҚМДБ «Зекет және қайрымдылық» қоры Цифрлық даму бөлімімен бірлесіп, мұқтаждар базасын цифрландыру жұмыстарын жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Астана қаласындағы «Zeket Hub» қайырымдылық орталығында «Зекет және қайырымдылық» қорының облыстардағы өкілдеріне арналған республикалық семинар өтті. «Қайырымдылықты цифрлау және автоматтандыру» тақырыбында өткен семинарды IT маманы Ерлан Құсайынов өткізді.
Семинардың басты мақсаты — мұқтаж жандарға көрсетілетін көмекті жетілдіру, қайырымдылық үдерістерін цифрландыру және оңтайландыру арқылы тиімділікті арттыру. Қатысушылар заманауи технологияларды пайдалана отырып, қайырымдылық қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және көмек алушыларға қолдауды жылдам әрі жүйелі түрде жеткізу жолдарын талқылады.