Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел – үлесі пәтерге» жобасы аясында Қарағанды облысы, Абай қаласында 3 жаңа қызметтік баспананың кілті табысталды.
ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев Қарағанды өңіріне жұмыс сапары барысында Абай аудандық орталық мешітінің жанынан бой көтерген 3 қызметтік пәтердің ашылу рәсіміне қатысып, өңірдің дін жанашырлары мен демеуші азаматтардың қолдауымен республика бойынша 878, 879, 880 баспана кілттерін Абай аудандық орталық мешітінің дін қызметкерлеріне табыс етті. Рәсім барысында қор директоры Мақсатбек Мақсотұлы қызметтік пәтерлердің құрылыс жұмыстарының басы-қасында болып, игі іске белсене атсалысқан демеушілерге ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Хазіреттің атынан алғыс хатын табыстап, алғыс білдірді.
Игі шараға арнайы қатысқан ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша Бас имамы Естай Айтуғанұлы «Ел үлесі пәтерге» жобасын ұйымдастырушыларға және қайырлы іске қолдау көрсеткен дін жанашырларына алғысын білдірді. Шара соңында мешіт асханасында ауызашар дастарханы жайылып, «Қош келдің Рамазан!» атты рухани кеш ұйымдастырылды.
Айта кетейік, 2025 - жылдың жаз айында бастау алған құрылыс нысаны үш пәтерден тұрады. Әр пәтер үш бөлмелі болып жобаланған.




