Абай облыстық «Зекет және қайрымдылық» қорының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлы атындағы облыстық орталық мешітінің хатымханасында 350 адамға арналып ауызашар дастарқаны жайылды.
Ауызашар кешіне қаламыздағы түрлі оқу орнындарында оқып жатқан шетелдік студенттер, ауылдық жерлерден келген және т.б. студент жастар, қаламыздың данагөй қарттары, мүгедектігі бар жандар, мұқтаж отбасылар, қарттар үйінен қарияларымыз және Семей қалалық зағиптар одағының мүшелері арнайы шақырылды.
Рухани дастарқан басында Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы жиналған жұртқа уағыз-насихатын айтып, осы кештің басты ұйытқысы болып отырған кәсіпкер аға-бауырларымызға өз алғысын білдірді.
Жиын барысында Абай облысы бойынша “Зекет және қайырымдылық” қорының жетекшісі Рашид Жамалбекұлы “Өмірге үміт сыйла” акциясы бойынша 8 отбасыға 200 мың теңгелік сертификатты табыстап, қиындықтарына жеңілдік, балаларының дертіне шипа тіледі.
Жиын соңында асқа бата беріліп, Құран оқылып, марқұмдарымызға сауабы бағышталды.


