ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен өңірлік еріктілер форумы өтті.
Форум жұмысына Ақтөбе облысының бас имамы Амантай Садиев бастаған өңірлік мешіт имамдары, ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорынының Астана қаласы филиалы директоры Әли Әзімбекұлы, облыстық және қалалық маслихат депутаттары, журналист, ақын, еріктілер, имамдар, т.б. құрметті қонақтар қатысты.
Жиында алғысөз сөйлеген облыс бас имамы: «Шын мәнінде жаны таза адам ғана ерікті бола алады. Еріктілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ниеті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай азаматтардан кенде емес. Аллаға шүкір, біздің арамызда да қайырымдылық, адамгершілік қасиеттерді ту еткен, өзгелерге жанашырлық пейілдерін танытып жүрген жандар аз емес. Бұл бізді қуантады. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз» деді.
Мүфтияттан арнайы келген Әли Әзімбекұлы «Еріктілер концепциясымен» таныстырып, жастық кездегі дінге, халыққа қызмет жасаудың маңызы мен сауабына тоқталып, бұл істің артықшылықтарына тоқталды. Сөз кезегін алған депутаттар мен қалған спикерлер еріктілердің халыққа қызметін жоғары деңгейде бағалап, ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Жас буынның еріктілік жолында құлшыныспен жасап жатқан ізгі амалдарына қызығушылықпен қарап, оларды жігерлендіретін насихаттарын айтты.
Форум қорытындысында бас имам Амантай Садиев пен қор өкілі Әли Әзімбекұлы ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры мен Ақтөбе өкілдігі атынан өңірде көктемдегі су тасқыны кезінде тұрғындарға жәрдемші болған «QAIYRYMDYLYQ JARSHYLARY» еріктілерін, одан өзге бейбіт күнде мұқтаждарға жәрдемдесіп жүрген еріктілерді және Алла жолында мұқтаждарға және ислам дінінің кең етек жайылуына қаржылай демеуші болып жүрген көптеген еріктілер мен жомарт жандарды «Жыл еріктісі» және «Қайырымды жан» номинациясы бойынша алғыс хаттар және статуэткалармен марапаттап ерекше алғысын білдірді.
“ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕРІҢДІ ЗЕКЕТ БЕРУМЕН ҚОРҒАҢДАР” Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том