ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қоры Астанада 14-15 қараша күндері өткен «Әлеуметтік кәсіпкерліктің Еуразиялық құрылтайына» қатысты.
Құрылтайдың алғашқы күні қайырымдылық жобалар жәрмеңкесіне «Зекет және қайырымдылық» қоры «Зекет HUB» орталығында дайындалған өнімдерін ұсынды. Аталған жәрмеңкеге қор директоры Мақсатбек Қайырғалиев арнайы қонақ ретінде барып қатысты.
Құрылтайды ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – әлеуметтік экономиканы дамытуға мүдделі бизнес өкілдері, блогерлер мен белсенділер үшін ауқымды оқиға.
«Бүгінгі құрылтай өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерліктің экожүйесін нығайтуға, тәжірибе алмасуға, жергілікті және халықаралық деңгейде өмірді жақсартуға және әлеуметтік бастамаларды қолдау үшін серіктестіктер қалыптастыруға бағытталған. Құрылтайда кәсіпкерлер жаңа білім алуға ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік жобаларда бірлесіп жұмыс істеу үшін пікірлес адамдарды табуға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсатымыз – мемлекетке ары қарай да әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесу», - дейді Әлеуметтік инноваторлар Қауымдастығының Президенті Эмин Әскеров.
Айта кетейік, құрылтай қарсаңында ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен ЗекетHub орталығында «А-дан Я-ға дейінге әлеуметтік кәсіпкерлік» атты шеберлік сыныбы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал, табысы аз азаматтардың кәсіпкерлік және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік дағдыларын меңгеру, бизнеске ынталандыру. Шеберлік сыныбына қатысушы азаматтарға қосымша табыс табу жолын құру, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен субсидиялық бағдарламалар туралы, оларға қатысу жолдары туралы жан-жақты мағлұматтар берілді.