«Рамазан сыйы» республикалық қайырымдылық марафоны аясында Астана қаласында орналасқан Zeket Hub орталығында қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
«Зекет және қайырымдылық» қоры мұқтаж тұрғындармен қатар қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық орталықтарының мүшелеріне де көмек көрсете бастады.
Бұл қайырымдылық бастамасы қор мен қайырымдылық орталықтары арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылуда. Оның бір көрінісі ретінде «Чернобыль Одағы» қоғамдық бірлестігі, мылқаулар қоғамы және «Жанұя» отбасы институтының мүшелеріне азық-түлік себеттері мен жеміс-жидектер таратылды.
Осылайша «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны аясында ұйымдастырылған іс-шарада 120 адамға азық-түлік таратылды. Қайырымдылық көмек алған жандар ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығын білдіріп, мұндай игі бастамалар жалғасын тапса деген тілегін жеткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қайырымдылық шаралары әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдауға бағытталған тұрақты жобалардың бірі. Осындай бастамалар арқылы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп қана қоймай, қоғамда жанашырлық пен мейірімділік құндылықтары нығая түседі.