Рамазан айының соңғы күні Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры Астанада кәсіпкерлер мен жанашыр жандарға арнап, ауызашар дастарханын жайды.
Шара «АҚІРЕТТІК ФОРБЕС» немесе FORBES OF AHIRAT деп аталды. Бұл атаудың мағынасы - Алла жолында дүние жұмсап, ақыреттің Форбес тізіміне ену, яғни, рухани байлыққа жетуді мақсат еткен адамның шынайы ниетін білдіреді. Ал Исламда мал-мүлік жұмсау, сауапты істер жасау, көмек қолын созу үлкен игілік саналатыны және бұл әрекеттер адамды ақыретте үлкен сауапқа, Алланың рақымына жетелейтіні белгілі.
Ауызашар барысында Зекет қорының атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді. Өз кезегінде "Зекет және қайырымдылық" қорының директоры Мақсатбек Мақсотұлы «ZEKET HUB» қайырымдылық орталығы туралы, оның қызметі жайлы айтып берді. Осыдан соң ол кеш жүргізушісінің сұрақтарына жауап беріп, Зекет қорының жұмыстарымен таныстырды.
Келесі кезекте аукцион ұйымдастырылды. Аукционда Әл Харам, Әл Ақса мешіттерінің қолмен салынған суреттері, Қазақстанның алтын жалатылған картасы, Олимпиада жүлдегері, белгілі боксшы Василий Левиттің қолы қойылған бокс қолғаптары сатылды. Сонымен қатар, «ANSAR» кәсіпкерлер клубының жетекшісі Бейбіт мырза мен BCC invest компаниясының өкілі Артем мырза өз тәжірбелерімен бөлісіп, іс-шараға қатысушыларға ойларын айтты.