НИСАП ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Нисап сөзінің тілдік мағынасы – «мөлшер». Ал,шариғаттағы мағынасы: «Зекетті парыз ететін белгілі байлықтың ең аз мөлшері». Ол байлықтың түріне қарай әртүрлі болады.
Мысалы, 85 грамм алтын, бес түйе, отыз қара мал, қырық қой, т.с.с. Ақша немесе сауда тауарларының нисап мөлшерін анықтайтын кезде, алтынның 585-ші сынамасы негізге алынады.
Зекет беру үшін қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетіп, сол нисапқа бір жыл бойы иелік етуі тиіс. Зекет беру үшін мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетуі шарт. Нисап – ол зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.
Бай адам деп мал-дүниесі нисапқа жеткен адамға айтылады. Нисапқа толмаған мал-дүниеден, сондай-ақ үй-жай, киім-кешек, мініс көлігі, кітап, ыдыс-табақ және тұрмыстық құрал-саймандар секілді қажетті заттардан және жалға берілген үйден, егін алқаптарынан, бау-бақшалардан, орман жерлерден зекет беру – парыз емес.
Біреуден алған қарыз және аманат малынан зекет берілмейді. Біреуге берген қарыз өзінің мал-дүниесі болып саналады. Сенімді адамға қарыз беріп, қалаған уақытта оны қайтарып алуға шамасы жетсе, ондай қарыздан да зекет беріледі.
Тума алтын-күміс, тиындық алтын-күміс, алтын-күміс әшекейі және алтын-күмісі көп қосындыдан зекет беріледі. Алтын-күмістің орнына қолданылатын бақыр ақшадан, құнды қағаздардан және қағаз ақшалардан зекет беріледі.
Жарты жылдан көп уақытта жайлауда өсіретін қой, ешкі, өгіз, сиыр, түйе, жылқы секілді үй жануарларынан да зекет беріледі. Үй шаруашылығына пайдаланатын малдардан және есек, қашыр, бұғы және елік секілді хайуандардан зекет берілмейді.
Warning: count(): Parameter must be an array or an object that implements Countable in
/var/www/vhosts/zeket.online/httpdocs/templates/tz_lawyer_justice/html/com_k2/default/item.php on line
215