“ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕРІҢДІ ЗЕКЕТ БЕРУМЕН ҚОРҒАҢДАР” Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том
Аллаһ Тағала Құранда өзінің әмірлерін орындап, тыйған тыйымдарынан тыйылған құлдарын ақыретте сый-сияпатқа кенелтіп, өзінің мейіріміне бөлейтіндігі турасында сөз беріп, уәде еткен.
«Бақара» сүресінің 43-ші, 82-ші аяттарының мағынасында: «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер»-, деп келгеніндегідей, зекет те Аллаһ Тағаланың бұйырған әмірлерінің бірі. Яғни, мал-мүлік арқылы атқарылатын зекет құлшылығы Құран, сүннет, ижмәмен нақты белгіленген. Пайғамбарымыз (с.а.с) өзінің аса танымал хадисінде: «Ислам діні бес негізден тұрады: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.а.с) Аллаһ тарапынан жіберілген елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару»-, деп зекеттің Ислам дінінің ең басты парыздарының бірі екендігін баса айтып өткен. Аллаһ Тағала тарапынан һижреттің 2-ші жылы Рамазан оразасынан кейін шәууал айында зекеттің парыздығы белгілі болды. Қасиетті Құранның 82 жерінде зекеттің намазбен қатар айтылуы да зекет құлшылығының қаншалықты маңызға ие екендігінің айғағы.
Жалпы «зекет» сөзі араб тілінен аударғанда көбею, өсу, берекеттену, тазалық мағынасын қамтиды. Ал, шариғаттағы терминдік мағынасы: Зекет беретін нисаб мөлшеріне жететін дүние-мүлікке ие болған мұсылманның байлығының белгілі бір бөлігін жылына бір рет Аллаһ Тағала разылығы үшін Құранның «Тәубе» сүресінің 60-шы аятында аталған адамдарға иелендіруі. Аллаһ Тағала құлдарына жүктеген амалдарының пендесі үшін пайдасы ұшан-теңіз. Мысалы, ғалымдар намаздың жалпы адамға келтіретін 12 мыңнан астам пайдасы бар екендігін анықтаған. Сол сияқты зекеттің де беруші үшін де, алушы үшін де, жалпы қоғам үшін де пайдасын айтып тауысу мүмкін емес. Десек те, оның кейбір пайдаларына тоқталсақ. Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Зекет – Исламның көпірі»-, деп атап өткеніндей, зекет – адамдар арасындағы теңдікті сақтап, бай мен кедей арасындағы қарым-қатынас пен бауырмалдықты күшейтеді. Осылайша, қоғамда әлеуметтік тепе-теңдік орнап, қоғам бақытты, сенімді ғұмыр кешеді және қоғамда орта таптың қалыптасуына ықпал жасап, мемлекетті әлсіздіктен сақтайды.
Ал, зекеттің берушіге пайдаларын айтсақ, зекет беру адамның жүрегін жұмсартып, сараңдықтан сақтап, жомарттыққа жетелейді. Шүкіршілігін арттырып, дүниесіне береке кіргізеді. Себебі, зекет беру – Алланың берген байлығына шүкіршіліктің белгісі. Ал, байлыққа шүкір ету тілмен жасалмайды. Яғни, байлық нығметінің шүкірі аузымызбен айтылатын «Аллаһқа шүкір» деген сөзбен шектелмейді. Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, нығметімді арттырып беремін» («Ибраһим» 7 - аят)-, деп сүйіншілесе, Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар»-, деп ескертеді. Мұсылман адам Алладан байлық емес, зекет берушілерден ете гөр деп дұға етеді. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай зекеті берілген малды Аллаһ Тағала арттырады және оның сақталуына Өзі кепіл болады. Яғни, зекет мұсылмандарды жалқаулыққа емес, әрқашан тер төгіп, еңбек етуге шақырады. Пайғамбарымыздың (с.а.с): «Береген қол – алаған қолдан қайырлы»-, деген хадисі осыны қуаттайды. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Біз басқадан кем болмас үшін, білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек, бай болуға – кәсіп керек, күшті болуға – бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»-, деген сөзі де осы жайттармен үндесіп жатқандай. Сондай-ақ Қабан жырау бабамыз:
Әй, мұсылман, жарандар,
Малыңнан зекет беріңіз.
Бірлігін хақтың біліңіз,
Хақ жолымен жүріңіз,
Пәк болады дініңіз-,
деп жырлай келе:
Зекетсіз болса пайда жоқ,
Қасықтап жиған малыңыз-,
деп бақуатты адамдарды сараңдықтан тиып, жомарттыққа үндеп, зекет беру арқылы халқына қамқор, еліне адал болуға шақырады. Яғни, зекет – байдың мейірімділігін, кедейдің құрметін тудыратын, сол арқылы қоғамда теңсіздікті жойып, әділеттікті орнататын, байларға жүктелген сауабы мол, мәні зор ғибадат. Олай болатын болса:
Ораза, намаз - басты амал,
Зекетпен тағы қаж сапар,
Әуелі Ислам сөз басын,
Кәлимамен бастамақ-,
деп қазақтың қара өлеңінде айтылғандай, Аллаһ Тағала баршамызға аузында кәлимасы, бойында дәреті, алдында намазы, ойында оразасы бар, шамасы келсе қажыға баратын, Алла берген мал-мүліктің зекетін беретін пенделерінің қатарында болуды нәсіп етсін!
Алматы облысы бойынша зекет өкілі
Қаби Ринат Маратұлы
Ол үшін сіз төменде көрсетілген нұсқалардың кез келгенімен Қаржылай қайырымдылық жасай аласыз:
1. QIWI төлем терминалдары арқылы
Оплата услуг-> Другие услуги-> Фонды помощи-> КФ "ФОНД ЗАКЯТ ДУМК"
2. Банктегі есепшот арқылы:
АО "БанкЦентрКредит" Алматы
КФ «Фонд Закят ДУМК»
Kбе: 18 БИК: KCJBKZKX
БИН 110540000991
KZ208560000005121039
КНП 119 (благотворительная помощь )
АО "БанкЦентрКредит" Алматы
КФ «Фонд Закят ДУМК»
Kбе: 18 БИК: KCJBKZKX
БИН 110540000991
KZ208560000005121039
КНП 119 (благотворительная помощь )
Тел. 8 7172 99 9869
Моб: +7 778 407 08 50
Мекен-жайымыз:
010000, Астана қаласы, Қарасаз 3