“ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕРІҢДІ ЗЕКЕТ БЕРУМЕН ҚОРҒАҢДАР” Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том
Дін — бүкіл әлемдерді жаратушы Алла тағаланың адам баласын екі дүниеде де шынайы бақытқа жетелеу үшін жіберген иләһи ережелер мен қағидалар екені белгілі.
Расында да, әр нәрсенің авторы өз туындысының барлық қыр-сырын жақсы білетіндігі тәрізді, адамды да ең жақсы танитын - оны жоқтан бар еткен Жаратушы Хақтың өзі емей, кім болмақ? Сондықтан, адамзатқа жіберліген иләһи діндердің соңғысы — Ислам дінінің барша қағидалары да адам баласы үшін, қияметке дейінгі келетін барша қоғамдар үшін ең дұрыс жолды көрсетіп, екі дүниеде де шынайы бақытқа жетелейтіні сөзсіз. Исламның тыйған тыйымдары — адам мен қоғамды ластық пен жамандықтан қорғау үшін болса, әмір еткен парыздары — кейде тікелей, кейде жанама түрде қоғамдық тепе-теңдікке, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа, адами бақытқа жол ашатынына тарих куә.
Ал, Ислам дінінің ежелден-ақ қазақ қоғамының санасына сіңіп, жүрегіне терең тамыр тастағаны соншалық, біздің салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыз діни қағидалармен етене қайнасып кеткен. Ата-бабаларымыздан келе жатқан асыл дініміз соңғы жиырма жыл ішінде ел арасында қайта түлеп, жастарымыз ақиқаттың шуағына шомыла бастағанын көріп көз тояды, көңіл қуанады. Халықтың діни сауаты артып, күннен күнге үйренген білімімен амал етуі де көбеюде. Бірақ, жетпіс жыл бойы асыл діннен алшақтап қалған қоғам ретінде, халықтың әлі де білгенінен білмегені көп, үйренері мол екені даусыз. Мысалы, Исламның басты парызы бесеу болса, соның бірі — зекет туралы көпшілік жамағат арасында толық ақпарат әлі де жеткіліксіз десек артық айтпаспыз. Кәлимаға тіл келтіріп, намазын оқыса да, оразасын ұстап қажылыққа барғанымен, зекетті міндетті парыз ретінде емес, ожданға қалған қосымша қайырымдылық деп түсініп, садақамен шатастыратындар да жоқ емес. Ал ақиқатқа келсек, зекет те намаз сияқты, ораза сияқты әр мұсылманға (нисабы жетіп тұрса) міндетті ғибадат екенін білген абзал.
«Зекет» сөзінің сөздік мағыналары — тазалау, арту, көбею дегенді білдірсе, діндегі мағынасы — белгілі адамдардың өз мүліктерінің белгілі мөлшерінің, берілуі тиіс жерлерге бөлінуін білдіреді. Жоғарыда атап өткеніміздей, зекет — исламның басты бес парызының бірі. Абдуллаһ ибн Омар тарапынан риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ислам бес нәрседен тұрады. (Олар:) Иман етіп, кәлима келтіру, намаз оқу, зекет беру, қажылыққа бару және Рамазан оразасын ұстау» деп айтқан. Демек, зекет тек материалдық көмек беру емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат. Оның ерекшелігі сол – намаз, ораза сияқты ғибадаттар адамның денесіне қатысты болса, зекет кісінің дүние-мүлкіне қатысты ғибадат. Және де тек «өтелгені абзал» дейтіндей емес, Құран мен сүннетте нақты бекітілген, сауап пен жазасы бар, міндетті парыз амал. Қолдарындағы байлықтарының зекетін бермеген адамдардың ақыретте тартатын азаптарының өте ауыр екендігі туралы Әбу Һурайрә, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын риуаят етеді:
«Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныштылығының белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы бар. Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (қатты жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің (жинаған) қазынаңмын», – дейді. Сосын Пайғамбарымыз (с.а.у.) мына аятты оқыды: «Аллатың кеңшілігінен өздеріне берілген нәрселерін (басқаларға бермей) сараңдық істегендер бұл істерін өздеріне қайырлы деп ойламасын. Жоқ, тіпті (бұл істері) өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады» («Әли Имран» сүресі, 180-аят)». Тағы бір аятта Алла Тағала сараңдарды ақыреттің күйзелтуші азабынан былай деп ескертеді: «Алтын, күмісті жинап, оны Алланың жолында жұмсамағандарды күйзелтуші азаппен сүйіншіле. Жиналған алтын мен күміс тозақ отында қыздырылып, онымен маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланатын қиямет күні оларға: «Міне, мынау – өздерің үшін жиған дүниелерің. Ал енді қанеки, жинағандарыңның дәмін татыңдар!» («Тәубе» сүресі, 34-35-аяттар).
Сонымен қатар, қасиетті Құранда мүшріктердің сипаттары аталғанда, солардың қатарында зекет бермеу де айтылады: «.. ол мүшріктер зекет бермейді және ақыретке сенбейді» («Фуссилат», 41/6-7). Зекет бермеген бай адам Алла тағаланың кең рақымы мен Пайғамбарымыздың достығынан махрұм қалатыны жайлы да Құранда сөз етілген («Ағраф», 7/156, «Маида», 5/55).
«Зекетті жинауын жинадық, бірақ беретін адам таппадық...»
Зекеттің мұсылман қауымға парыз болуы Мәдина дәуірінде, хижреттің екінші жылына сәйкес келеді. Құранда зекет парыз ғибадаты ретінде отыз жерде айтылса, оның жиырма жетісінде намазбен қатар айтылады. Мұның өзі бір жағынан зекеттің намазбен тығыз қатынасын білдірсе, екінші жағынан оның намаздан кейінгі үлкен парыз екендігін көрсетеді. Атап айтсақ, «Намаз оқыңдар, зекет беріңдер», «олар намаз оқиды, зекет береді» сияқты мағынадағы ұқсас аяттар «Ахзаб» (33/33), «Бақара» (2/3, 43, 83, 110, 177, 277), «Ниса» (4/77), «Хаж» (22/78), «Нұр» (24/57), «Мужадала» (58/13), «Музаммил» (73/20), «Тәубе» (9/5, 11, 18, 71), «Бәиинә» (97/5), «Маида» (5/12, 55), «Әнфал» (8/3), «Нәмл» (27/3), «Лоқман» (31/4), «Рағд» (13/22), «Фатр» (35/29) сүрелерінде кездеседі. Ал, «Олардың дүние-мүліктерінен зекет ал, сөйтіп оларды тазартып, кірден арылт...» («Тәубе», 9/103) деген аят арқылы Пайғамбарымызға (с.ғ.с) зекетті жинау жұмысын ұйымдастыруға байланысты нақты әмір беріліп, «Тәубе» сүресінің 60-шы аятында жиналған зекеттің кімдерге үлестірілуі қажеттігі туралы толықтай нұсқаулар айтылады. Осы тұстан бастап, Алланың Елшісі өзінен дінді үйренуге келгендерге намазбен бірге зекетті де әмір етіп отырған. Яғни, зекет Исламның басты парыздарының қатарына кіріп, оны жоққа шығарған адам күпірлікке аяқ басады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) соншалықты ұқыптылықпен мән берген зекет ғибадатына одан кейінгі халифалары да көп көңіл бөлген. Соның арқасында, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Бір күн келеді, қолында алтыны бар кісі садақа алатын адам іздейді, бірақ ондайды таба алмайды...» деген сөзі шындыққа айналып, Омар бин Абдулазиздің халифалығы кезінде, адамзат баласы әлі күнге дейін құруға тырысып келе жатқан – бақытты қоғам орнағаны тарихтан белгілі. Ол кезде халифаның Құран мен сүннетке және төрт ұлы халифаның жолына негізделе жүргізген әлеуметтік-экономикалық саясатының арқасында, кедейлердің жағдайы жақсарып, зекет беретін адам табылмайтындай жағдайға жеткен. Бұл саясаттың түп төркінінде зекет институты тұр еді. Яхъя бин Саидтің риуаятында мынадай оқиға баяндалады: «Бір жолы Омар бин Абдулазиз мені зекет пен садақаларды жинап, тиісті кісілерге тарату үшін Африкаға жіберді. Зекетті жинауын жинадық, бірақ беретін кедей адам іздеп едік, таппадық. Сұраушылар да болмады. Өйткені олардың бәрінің жағдайы түзелген еді. Ақырында ол ақшаға құлдар сатып алып, азат еттік» (Ибн Абдилхакам, Әбу Мухаммад, Сирату Омар бин Абдулазиз ала ма Рауаһу Имам Малик бин Әнәм уа асһабуһу; Дамаск, 1954). Иә, Омар бин Абдулазиздің кезінде зекетке мұқтаж кедейлер қалмағаны былай тұрсын, бұрынғы кедейлердің өздері зекет беретін жағдайға жеткен.
Қазіргі кезде шешімін таппай жатқан көптеген әлеуметтік, қоғамдық мәселелердің түйіні, шынайы мұсылман қоғамында зекет институты арқылы өздігінен шешіліп отырғаны бүгінгі ұрпаққа сабақ боларлықтай. Өйткені, Жаратқанның (түбінде адамның өз пайдасы үшін) адамға жүктеген үлкен ғибадаты – зекеттің жеке тұлғаларға беретін сансыз сауабы, осы дүниедегі береке мен рухани ләззатынан, ақыретте күтетін шексіз нығметтерден бөлек, тұтастай қоғамға берер пайдалары да өте көп. Солардың кейбіреуіне тоқталайық.
Зекеттің адам мен қоғамға берері не?
1) Алла Тағала Құранда өзінің әмірлері мен тыйымдарына бойсұнған құлдарын жәннатпен сүйіншілеп, мейіріміне бөлейтіндігі турасында уәде еткен. Ал, сондай әмірлердің бірі – зекет екені даусыз. Сонымен қоса, зекет – күнәлардың кешірілуіне себеп болатыны да Құранда айтылған: «Олардың малдары көбейіп және өздері күнәлардан тазалануы үшін мұсылмандардың малдарынан садақа ал» («Тәубе», 103).
2) Қоғамдағы бай мен кедейдің арасындағы байланысты жақсартып, бауырмалдыққа тәрбиелеуде де зекеттің маңызы зор. Кедейлерге мейірімділік танытып, жағдайларына қарасқандықтан, кедей де байларға құрметпен қарап, олардың дүние-мүліктеріне сұқ көзденбейді. Бүгінгі таңдағы әлемнің түкпір-түкпірінде белең алып жатқан көтерілістер мен төңкерістердің түбінде қоғамдық топтардың бір-біріне деген ашу-ызасы, реніші жатқанын ескерсек, сондай құбылыстардың алдын алуда да зекеттің маңызы айқындала түсетіні сөзсіз.
3) Зекет – капиталдың тек қана байлардың арасында айналып тұратын күш болуына бөгет жасайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.ғ.) «Зекет–Исламның көпірі» – деп, әлеуметтік өмірдегі табиғи түрде бай, кедей деп бөлінудің зекет арқылы бір дастарқан басына жиналатындығын ишарат етуде.
4) Адам баласының бойында дүние-мүлік, байлыққа деген қомағайлық пен қанағатсыздық және байлығымен басқаларға тәкаппарлану, паңдану сияқты жаман сипаттар болуы мүмкін. Зекет ғибадаты адамды осы өзімшілдік, сараңдық, дүниеқорлық, тәкаппарлық сияқты жиіркенішті қылықтардан сақтап, кішіпейілдік, жомарттық және кеңпейілдік сияқты жақсы сипаттарға тәрбиелеп, баулиды.
5) Зекет – қоғамдағы жарлы-жақыбайлардың тұрмысының жақсаруына ықпал етіп, мемлекеттің әл-қуатының артуына септігін тигізеді.
6) Зекет пәле-жаладан, апаттан, ауру-сырқаудан сақтайды. Байлықтың құрып кетуіне тосқауыл болып, берекесін арттырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларыңмен бастарыңа келетін пәлелерді қайтарыңдар» – деген хадисі осыған дәлел.
7) Зекет – қоғамдағы ұрлық-қарлық, алдап-арбау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты жаман әдеттердің кеңінен жайылуына бөгет болады. Мұқтаж адамдардың өмір сүрулеріне керекті материалды көмек зекет сияқты заңды жолмен қамтамасыз етілгендіктен, қоғамдағы аталмыш болымсыз кереғар көріністер өздігінен тоқтайды.
8) Зекет ғибадаты – Алла Тағала берген байлыққа деген шүкіршілік. Зекет беруші мұсылман қолындағы байлықтың Алла Тағала берген жақсылық екенін ұғынады. Өзінен де зерек, қабілетті, денсаулығы мықты талай адамдардың бұл нығметтен мақрұм екендігін түсініп, сол нығметтерді өзіне нәсіп еткен Алла Тағалаға шүкір етеді. Әр нығмет өзіне сай шүкір талап етеді. Ілімнің шүкірі оны басқаға үйретумен, дене мүшеміздің шүкірі ораза ұстап, намаз оқу тәрізді ғибадаттармен орындалатыны сияқты, байлық нығметінің де шүкірі мұқтаждарға көмектесіп, зекет беру арқылы жүзеге асады. Яғни, байлық нығметінің шүкірі аузымызбен айтылатын «Аллаға шүкір» деген сөзбен ғана шектелмейді.
9) Шайтан адамды «зекет берсең, аш – жалаңаш, кедей болып қаласың» – деп қорқытып, барынша азғырады. Шындығында, зекет – малымыздың азаюына емес, көбейіп, өсіп-өнуіне себеп. Құранда бұл шындық былай баяндалады: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, жаманшылық жасауды бұйырады. Ал Алла сендерге өз тарапынан кешірімі мен кеңшілігін уәде етеді…» («Бақара» сүресі, 268-аят), «Алла өсімнің берекетін кетіріп жояды, ал садақасы берілген малды берекеттендіріп арттырады» (Бақара сүресі, 276-аят).
10) Зекет берген адамның жан жүрегін, ішкі сезімін керемет қуаныш билеп, ерекше ләззат құшағына кіргендей күй кешеді. Өмірдің қысымынан, дүние-мүліктің ауыртпалығынан, жүректің қаттылығынан арылады. Батыс елдерінде материалдық өмірмен етене байланысып кеткендіктен рухани тоқырауға ұшырағандарға психологтар жаңа емнің түрі ретінде мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді ұсынуы кісі ойлантарлық. Хақ Тағала әр жақсылықтың есебін қолма-қол жүрекке рухани рахат құю арқылы сездіреді. Бұны ешбір материалдық рахаттан алу мүмкін емес.
11) Экономикалық тұрғыдан алғанда, зекет, адамдарды өз қаржыларын бір жерде жинап қоймай, ел экономикасына айналымға салуға итермелейді. Себебі, қолдағы саудаға қатысты мүліктің (қаржының) қырықта бірін беру тиісті болғандықтан, ол байлық жылдан жылға азаяды, сондықтан оның иесі үшін оны айналымға салып, жұмыс істетуі тиімді болмақ. Ал, қолда жиналған егіншілік өнімдерінің онда бірі зекет ретінде алынуы, азық-түлікті бір жерге жинап қоюдың алдын алу үшін өте тиімді шара. Бұл, бір жағынан, Ислам дінінің бір адамның жеке басының пайдасы емес, тұтас қоғамның, халықтың пайдасы мен өркендеуін, сол арқылы әрбір тұлғаның да өсуін көздейтіндігіне жақсы бір дәлел бола алады. Мал мен мүліктің шынайы иесі Алла тағала, оны адамдарға пайдалану үшін беретіні сөзсіз. Сондықтан ондай байлыққа ие болған адам оны пайдаға асырып, басқалардың да игілігіне қолдануы қажет. Ал, өтйпейді екен, байлықты шоғырландырады екен, онда оның бір бөлігін мұқтаж адамдарға, кедейлерге таратуы тиіс. Өйткені зекет – сол зекетті алуға құқы бар адамдардың Алла тағала бекіткен заңды ақысы.
Зекет қайда жұмсалады?
Әр мұсылманға парыз боп жүктелген – зекеттен жиналған қаражаттың таратылуы жайында да Құранда нақты айтылған. Зекеттен түскен қаржы Алла тағала әмір еткен сегіз бағытта ғана жұмсалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген: «Ұлы Алла зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін» деген. Зекеттің берілетін орындарын Алла Тағала «Тәуба» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер): кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға (жалақы ретінде), көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді». Бұл аятта айтылған сегіз топты былай түсіндіруге болады: 1)-2) Пақырлар мен міскіндер: бұл жерде пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтылады. 3) Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар: зекеттің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі мөлшердегі төлем, еңбектерінің қарымына орай жалақы ретінде берілгендіктен, тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес. 4) Муаллафату-л қулууб: мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі мөлшер беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады. Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Алайда, кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады. 5) Құлдар: қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі. 6) Қарызға батқандар: Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көргендерге зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет. 7) Алла жолында: бұл топқа Алла ризалығы үшін ілім іздеушілер, Алла Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер кіреді. 8) Қаржылары бітіп, жолда қалғандар: бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).
Қазіргі кезде мұсылман елдерінде зекет қалай жиналады?
Осы орайда тағы бір түйінді мәселе – зекетті жинау жұмысын ұйымдастыруға қатысты. Бұл іс әр елде әрқалай жолға қойылған. Пәкістан, Сауд Арабиясы сияқты Ислами мемлекеттерде, азаматтардың зекеттері жыл сайын Рамазан айында мемлекет тарапынан жиналады. Ал, керісінше, Еуропа, АҚШ, Канада, Австралия сиқты жерлердегі мұсылмандар өзара мемлекеттік емес ұйымдар құрып, сол арқылы зекет жинау және тарату жұмыстарын атқарып отыр. Ондай ұйымдар бір жерде мешіттің ауқымында қызмет етсе, АҚШ, Австралия сияқты мемлекеттерде арнайы Зекет қоры ретінде жүйелі түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар, мемлекет жүйесі зайырлы бола тұра, мұсылман елдері болып саналатын Малайзия мен Түркияның тәжірибесі, және бірқатар араб елдерінің, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Зекет қорлары Қазақстан үшін жақсы үлгі бола алады.
Біріккен Араб Әмірліктерінде, 2003-ші жылы ел басшысының жарлығымен құрылған арнайы Зекет қоры жұмыс істейді. Мақсаты — халықтың зекетін жүйелі түрде жинап, оны шариғат үкімдеріне сай тарату болып табылады. Жиналған қаражатты арнайы комиссия тексере отырып, тиісті жерлерге жұмсап отырады. Қордың еш кедергісіз жұмыс істеуі үшін толық жағдай жасалып, заңнамалық тұрғыда бекітілген. Қор барлық салықтардан босатылған және тікелей Дін істері Министрлігіне қарасты қызмет атқарады.
Малайзия да зекет жинау жұмысын ең жүйелі жолға қойған елдер қатарына жатады. Бұл бағыттағы әрекет 1990-шы жылы қолға алынып, 1991-ші жылы арнайы Зекет жинау Орталықтары құрылды. Олар әр штаттың Дін Істері Кеңесіне бағынып, мемлекеттік мекеме болып саналады. Мақсаты — жаңа техтологияларды қолдана отырып, зекетті жүйелі жинау және үлестіру. Зекетті жинау жағынан жаңа технологиялар қолдану және халық үшін төлемдерді өте жеңіл түрде жасауға жағдай туғызу тұрғысынан Малайзия алда келеді.
Түркияда Осман империясы кезінен қалыптасқан уақф жүйесі жақсы дамыған. Қалаларда, ауылдарда, әрбір жергілікті мекенде арнайы қорлар құрылып, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне жақсы пайдасын тигізіп отыр. Заңнамалық тұрғыдан да қорлардың жұмысы жақсы реттелген. Ал, 1975 жылы сол заңнамаға сәйкес Дін Істері Басқармасының құрылтайшылығымен арнайы Қор құрылды. Мақсаты – Ислам дінінің қоғамда дұрыс насихатталуында Дін Істері Басқармасына көмекші және қолдаушы болу, керекті жерлерде мешіттер салу, кедейлер үшін арнайы ауруханалар ашу, зекет, пітір сияқты мұсылмандардан түсетін көмектерді шариғатқа сай тарату арқылы әлеуметтік көмек пен қызметтерді дамыту деп көрсетілген. Яғни, Қор зекетпен қатар қосымша түрлі қайырымдылық көмектерді де жинап, сол арқылы кең түрде қайырымдылық және әлеуметтік қызметтер атқарумен айналысады.
ШЕЙХ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ
Ол үшін сіз төменде көрсетілген нұсқалардың кез келгенімен Қаржылай қайырымдылық жасай аласыз:
1. QIWI төлем терминалдары арқылы
Оплата услуг-> Другие услуги-> Фонды помощи-> КФ "ФОНД ЗАКЯТ ДУМК"
2. Банктегі есепшот арқылы:
АО "БанкЦентрКредит" Алматы
КФ «Фонд Закят ДУМК»
Kбе: 18 БИК: KCJBKZKX
БИН 110540000991
KZ208560000005121039
КНП 119 (благотворительная помощь )
АО "БанкЦентрКредит" Алматы
КФ «Фонд Закят ДУМК»
Kбе: 18 БИК: KCJBKZKX
БИН 110540000991
KZ208560000005121039
КНП 119 (благотворительная помощь )
Тел. 8 7172 99 9869
Моб: +7 778 407 08 50
Мекен-жайымыз:
010000, Астана қаласы, Қарасаз 3