“ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕРІҢДІ ЗЕКЕТ БЕРУМЕН ҚОРҒАҢДАР” Әт-тәрғиб уәт-тәрһиб, І-том
Күллі әлемнің Раббысы, аса Үстем, екі дүниенің Патшасы, көркем сипаттардың иесі Алла Тағалаға мақтаулар мен мадақтар, және жәннәтпен сүйіншілеуші, тозақпен ескертуші,
қараңғылыққа жарқыраған шырақ, Аллаға шақырушы, күллі әлемге рахмет болып келген Пайғамбарымыз Мухаммад Мустафаға, Алла Тағала мен періштелердің және адамдардың салауаттары мен сәлемдері болсын!
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Жын мен адамзатты өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым. Олардан бір ризық тілемеймін әрі олардың Мені тамақтандыруларын да қаламаймын. Шүбәсіз, Ол - Алла, ризықтандырушы және мықты күшке ие»[1],- деп айтқанындай, күллі әлемге шексіз қазынасынан ризық беруші тек жалғыз Ол ғана. Адам баласының құлшылық қылуы үшін және де бұл дүниеде өмір сүруі үшін де ризық аса қажет. Сол себепті, Алла Тағала жерді және жердің бетіндегі су, тас, жануарлар, құстар секілді жаратылысты адамға бағындырып, аспаннан жаңбыр жаудырып, жерден өсіріп беріп жатыр. Сондықтан да, Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Ол сондай Алла, жерді сендер үшін бағынышты қылып жаратты. Ендеше оның айналасында жүріңдер де, Оның ризығынан жеңдер! Және барар жерлерің - сол жақ».[2] Осы аятқа байланысты адам өзіне белгіленіп қойған ризыққа қол жеткізуі үшін әрекет етіп, ізденуі тиіс екені айқын. Дінімізде дүниеқұмарлық құпталмайтын іс екені рас. Бірақ, бұл нәпақаңды таппай, жалқаулыққа басып отыра бер деген сөз емес. Ең бастысы, Алла Тағаланың рұқсат еткен адал жолымен ризық тауып, және де рұқсат етілген жерге жұмсалуы. Осы жайында Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) хадисінде: «Салиқалы мал салиқалы адамның қолында болғаны қандай керемет»[3],- деп баян етілген.
Мұсылман адам дүниелік жұмыс істеп жүріп ризықты беруші Алла Тағала екенін ұмытпауы керек. Сол үшін ризықты арттыратын және берекені әкелетін амалдарды да іске асырғаны жөн. Ең бірінші, адам Алла Тағаланың арам етіп тыйған тыйымдарынан сақтанып, бұйрықтарын орындап тақуалықты ұстануы қажет. Құран аяттарында: «Кім Алладан қорықса, оған (қиыншылықтан) бір шығар жол пайда қылады және Ол ойламаған жерден ризық береді»[4], десе тағы бір аятта: «Егер ол өлкелердің елі иман келтіріп, тақуалықты ұстанса еді, әрине, оларға көк пен жердің берекеттерін ашып жіберер едік»[5],- деп ризықтың келер жолы әрі берекеті тақуалықта екенін түсіндіреді. Сондай-ақ, Алла Тағалаға тәуекел ету, туыстық қарым-қатынасты үзбеу, нығыметтерге шүкір ету және де Алла Тағала жолында жұмсау секілді амалдар ризықты көбейтеді.
Алла Тағала жолында бір нәрсе жұмсасаң ол еш кемімейді, бәлкім оны Алла Тағала еселеп қайтарады. Ол жайында Құран Кәрімде: «Айт, ақиқатында Раббым қалаған құлдарына ризықты кеңейтіп те, азайтып та береді. Не нәрсені (ақиқат жолына және жақсы істерге) жұмсасаңдар, Ол оның есесін береді. Ол ризық берушілердің ең жақсысы»[6],- десе басқа бір аятта: «Ал, енді әлдекім (Алла жолында) берсе, тақуалық қылса, жақсылықты дұрыс деп білсе, сонда оның жолын оңайластырамыз. Ал, енді әлдекім сараңдық істесе, елемесе, жақсылықты өтірікке шығарса, сонда оның ауырлыққа ұшырауын оңайластырамыз»[7] ,- деп сараңдық танытпай Алла Тағала бұйырған, қош көрген жерге жұмсап бөлісуге шақырады.
«Егер құлдарым Мен туралы сенен сұраса: өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін»[8],- деп Алла Тағала Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқанындай, күллі ризық атаулының бәрі Оның қолында болған Алла Тағаладан тілеп, дұға етуіміз керек. Осы аятқа сәйкес Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Тілейтін болсаң, Алладан тіле және жәрдем сұрайтын болсаң, Алладан сұра!»[9],- деген хадисі де Алла Тағаладан үміт етіп сұрауымызды бұйырады. Дұғалардың ішіндегі күллі жақсылықты тартатын, үміт еткен нәрсеңе жеткізетіні - истиғфар (Алла Тағаладан кешірім сұрау) екені сөзсіз. Бұны мына аяттан байқасақ болады: «(Сондай- ақ оларға): Раббыларыңнан кешірім тілеңдер! Өйткені, Ол - өте жарылқаушы. Ол сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді. Әрі өздеріңді малдар және балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады»[10]. Истиғфардың ризықты көбейтетіні турасында Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын): «Кімде-кім истиғфарға бекем болса, онда оған Алла Тағала әрбір тар қиыншылықтан шығар жол және әрбір уайым-қайғының орнына шаттық беріп, ол ойламаған жерден ризық нәсіп етеді»[11],- деген хадисінде де анық баяндалады.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ақиқатында, Алла Тағала - Жомарт. Құлының көтерілген екі қолын бос қайтаруға да ұялады»[12],- деген хадистеріне сүйене отырып, Карим (Жомарт), Раззақ (Ризықты мол етіп беруші), Әр-Роозиқ (Ризық беруші) сынды Алланың көркем есімдері арқылы байлық, береке, ризық-несібе сұрау керек екендігін ұғынамыз. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде келген ризықты көбейтетін бірнеше дұғаларды келтіргенді жөн көрдік:
«Я, Алла! Расында, мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі (өз құзырыңда) қабыл болатын амал сұраймын!»[13]
«Я, Алла! Мені кешіре гөр, маған рақым ете гөр, мені тура жолға бастай гөр, мені Өзің оңдап, маған ризық-несібе бере гөр!»[14]
«Я, Алла! Күнәләрімді кешіріп, үйімді кең, ризығымды берекелі қылғайсың»[15]
«Я, Алла! Харам нәрселерден аулақ қылып, халалыңмен жеткілікті ете гөр, мейіріміңмен өзіңнен басқаларға мұқтаж қыла көрме!»[16]
Сөзіміздің соңында әлемдердің Раббысы, мақтау-мадақтардың иесі Алла Тағала күнә-қателіктерімізді кешіріп, дәрежелерімізді өсіріп, дұға- тілектерімізді қабыл алғай деп сұраймыз!
[1] «Зарият» сүресі, 56- 58 аяттар
[2] «Мүлік» сүресі, 15 аят
[3] Ахмад
[4] «Талақ» сүресі, 2- 3 аяттар
[5] «Ағраф» сүресі, 96 аят
[6] «Сәбә» сүресі, 39 аят
[7] «Ләйл» сүресі, 5-10 аяттар
[8] «Бақара» сүресі, 186 аят
[9] Тирмизи
[10] «Нух» сүресі, 10-12 аяттар
[11] Абу Даууд
[12] Абу Даууд, Тирмизи
[13] Ибн Мажа, Насаий, Ахмад
[14] Муслим, Абу Даууд
[15] Табарани
[16] Тирмизи
ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша
«Зекет» қорының өкілі
Сарымолдаев Серік Құсайынұлы
Ол үшін сіз төменде көрсетілген нұсқалардың кез келгенімен Қаржылай қайырымдылық жасай аласыз:
1. QIWI төлем терминалдары арқылы
Оплата услуг-> Другие услуги-> Фонды помощи-> КФ "ФОНД ЗАКЯТ ДУМК"
2. Банктегі есепшот арқылы:
АО "БанкЦентрКредит" Алматы
КФ «Фонд Закят ДУМК»
Kбе: 18 БИК: KCJBKZKX
БИН 110540000991
KZ208560000005121039
КНП 119 (благотворительная помощь )
АО "БанкЦентрКредит" Алматы
КФ «Фонд Закят ДУМК»
Kбе: 18 БИК: KCJBKZKX
БИН 110540000991
KZ208560000005121039
КНП 119 (благотворительная помощь )
Тел. 8 7172 99 9869
Моб: +7 778 407 08 50
Мекен-жайымыз:
010000, Астана қаласы, Қарасаз 3