Пітір садақа туралы не білеміз?
Пітір садақа - Арап тіліндегі «фитр» сөзінің тілдік мағынасы жаратылыс, оразада ауыз ашу дегенді білдіреді. Қазақ тілінде «пітір» деп қолданылысқа еніп кеткен.
Садақаның бұл түрі рамазан айының оразасын тамамдау және біліп-білмей істеген қате-кемшіліктерге төлем ретінде берілетін әрі әр адамның жеке басы (пендеге құлшылық етуге күш-қуат берген Алла тағалаға шүкіршілік) үшін берілетін садақа. Пітір садақасы һижреттің екінші жылы Рамазан оразасы парыз болған жылы шариғатқа енген.
⠀
Ибн Аббас (р.а) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пітір садақа жайлы айтқанын былайша бізге жеткізеді:
«Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ораза ұстаған адамды тазартатын пітір садақасын беруді міндеттеді. Пітір беру ораза ұстаған адамды жағымсыз іс-әрекеттерінен туындаған күнәларынан тазартады. Әрі кембағалдарға мерекелік көңіл күй сыйлап, қуантады, мейрам күнгі дастархандарына азық болады. Кімде-кім пітір садақасын намаздан (айт намазынан) бұрын берсе, онда зекеті (пітір садақасы) дұрыс болады. Ал намаздан кейін берсе, жай садақаның үкіміне жатады» [Әбу Дәуіт, Ибн Мәжә].
Яғни, ораза ұстаған адам кейбір дүниелік істерге бола көңілге келетін жаман сөздер айтып, жағымсыз әрекеттерге барып басқаларды ренжітіп қоюы мүмкін. Мұндай істер оразаны бұзбаса да оразаның сауабын кемітіп, ораза ұстаушының көңіліне күдік салады. Пітір садақасы осындай күдіктен айықтырып, кемшілігінің орнын толтырады.
⠀
Пітір садақасы рамазан айы кіргеннен бастап, айт намазына дейін беріледі. Егер айт намазынан бұрын бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін дереу, мүмкіншілігі болған мезетте беруі керек. Өйткені пітір садақасы тек өтеумен ғана мойнынан түседі. Бірақ уақытында бермегендіктен сауабы кемиді.
⠀
Птірдің мөлшері: орташа есеппен бір кедейдің күндік (таңғы және кешкі) ішіп-жейтін асының мөлшері. Пітір садақасын бергенде кедейдің жеп ішуімен өлшемей, өзінің күнделікті жеп ішуінің орта есебімен өлшеп бергені абзал. Өйткені кедейдің күнделікті жеп-ішуі көбінесе өте төмен болады.
⠀
ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 500 теңге деп бекітілді.
Warning: count(): Parameter must be an array or an object that implements Countable in
/var/www/vhosts/zeket.online/httpdocs/templates/tz_lawyer_justice/html/com_k2/default/item.php on line
215